Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегерлері Шымкентте жастармен кездесіп, халықаралық жарыстың барысы мен спорттағы жетістіктері туралы әңгімеледі. «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалында өткен кездесуге ауыр атлетикадан күміс жүлдегер атанған Нұрғиса Әділетұлы, Аянат Жұмағали және Алексей Чуркин, қалалық партия филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов пен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Кездесу барысында Ербол Байқонысов чемпиондарға Шымкент қаласы «Әділет» партиясының төрағасы, Шымкент қалалық ауыр атлетика федерациясының Президенті Мұрат Жолдыхожаевтың алғысын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай кездесулер жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, алға мақсат қойып, оған жету үшін еңбектенудің маңызын түсінуге көмектеседі және спортшылардың жетістігі жас буынға үлгі бола бермек.
«Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған спортшылардың тәжірибесі жастар үшін маңызды. Олардың жетістікке жету жолы табандылық пен күнделікті еңбектің қаншалықты қажет екенін көрсетеді. Сондықтан жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру және спортшыларға қолдау көрсету – назардан тыс қалмауы тиіс бағыттардың бірі», – деді Ербол Байқонысов.
Жастар спортшыларға ауыр атлетиканы не себепті таңдағандарын, бұл спорт түріне қалай келгендерін және халықаралық жарыста жүлдеге ие болған сәтте қандай сезімде болғандарын сұрады. Спортшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жоғары нәтижеге жету үшін ұзақ дайындық, тәртіп пен табандылық қажет екенін жеткізді.
Азия ойындарының күміс жүлдегері Нұрғиса Әділетұлы Жапониядағы жарыстың оңай болмағанын айтты. Оның сөзінше, ауа райы мен жаңа ортаға бейімделу де дайындыққа әсер еткен. Соған қарамастан, ол көрсеткен нәтижесіне өкініш білдірмейтінін және алдағы жарыстарда алтын медаль алуға бар күшін салатынын жеткізді.
«Өзге елге барғанда ауа райы әсер етпей қоймайды. Жаңа ортаға қалыптасу кезеңінің ұзаққа созылғаны жарыстағы өнер көрсетуімізге де әсерін тигізді. Дегенмен, өкініш жоқ. Алар асуымыз әлі алда. Алдағы жарыстарда алтыннан алқа тағу үшін барымды саламын», – деді Нұрғиса Әділетұлы.
Сондай-ақ спортшы дайындық кезеңінде көрсетілген қолдауды атап өтіп, «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының вице-президенті әрі қалалық филиалының президенті Мұрат Жаңабайұлына алғыс айтты. Оның сөзінше, спортшылардың алаңсыз дайындалуына қажетті жағдай жасалып, оларға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді.
Аянат Жұмағали мен Алексей Чуркин де Азия ойындарындағы нәтижелерін ұзақ жылғы еңбектің жемісі деп бағалады. Олар бұл жетістікте өздерінің ғана емес, дайындық барысында бірге жұмыс істеген бапкерлерінің де үлесі зор екенін атап өтті.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасып, жастар спортшыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Жүлдегерлер өз тәжірибелерін бөлісіп, спорт жолын таңдаған сәттері мен жарысқа дайындық барысы туралы әңгімеледі.
Айта кетсек, Жапонияның Айти мен Нагоя қалаларында өткен XX жазғы Азия ойындарына 45 елден 11 мыңға жуық спортшы қатысты. Олар спорттың 43 түрінен бақ сынады. Қазақстан атынан ұлттық құраманың 500-ден астам спортшысы 35 спорт түрі бойынша өнер көрсетті. Жарыс қорытындысында ел қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль түсіп, Қазақстан жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.



