Ұлттық нақыш енді тек сахнада емес, TikTok-та, сән индустриясында және жаһандық pop culture кеңістігінде көріне бастады.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ұлттық құндылықтарымыздың жаңа трендке айналып, қайта жаңғырған кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұрын қазақ мәдениеті көбіне музейдегі жәдігер немесе мерекелік сахнадағы дүние ретінде қаралса, бүгінде ол ескіліктің емес, заманауи сән мен жаһандық трендтің бір бөлігіне айналды. Шапан кию күнделікті стильге еніп, домбыра TikTok-та кең таралған контенттің өзегіне айналды. Ал қазақ киносы халықаралық платформалар арқылы шетелдік аудиторияға жол аша бастады. Ұлттық бірегейліктің осылай жаңаша сипат алуының сыры неде? Қазақы стиль әлеуметтік желіде қалай танымал болды? BAQ.KZ тілшісі талдап көрді.
Qazaq Core: Ұлттық стиль неге қайта сәнге айналды
Қазіргі таңда қазақстандық streetwear мәдениетінде айтарлықтай өзгеріс байқалады. Күнделікті өмірде заманауи үлгідегі шапандарды кию, тақия мен бөрікті қазіргі киім үлгілерімен үйлестіру, шашбау мен алқа тағу жай ғана сән емес, мәдени бағытқа айналып келеді. Мұны халықаралық ортада Qazaq Core эстетикасы деп атай бастады. Яғни ұлттық элементтерді заманауи streetwear, digital-мәдениет және urban-стильмен үйлестіретін жаңа бағыт қалыптасып келеді.
Бұл жағдай жастардың бұрынғыдай жасанды патриоттық ұрандардан шаршағанын көрсетеді. Олар ұлттық болмысын заманауи, қарапайым әрі табиғи түрде көрсеткісі келеді. Қазір ұлттық нақыш тек тойларда ғана емес, күнделікті өмірде, үлкен қалалардың көшелерінде, сән көрсетілімдерінде де көріне бастады. Соңғы жылдары шыққан отандық streetwear брендтері этноэлементтерді урбан стильмен ұштастырып, жаңа бағыт қалыптастырып жатыр.
Бүгінде ою-өрнек салынған oversize худилер, заманауи пішіндегі шапандар, ұлттық нақыштағы аксессуарлар жастар арасында кең тарала бастады. Мұндай киімдер енді тек мерекелік образдың емес, күнделікті urban-стильдің де бір бөлігіне айналып келеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде қазақы элементтерді contemporary fashion-пен үйлестіретін образдар жиі жарияланып, жаңа эстетикалық бағыт қалыптастырып жатыр.
Домбыра TikTok-ты қалай жаулап алды
Егер бұрын домбыра тек концерттерде немесе отырыстарда ғана орындалатын аспап ретінде қабылданса, бүгінде ол әлеуметтік желідегі ең танымал мәдени символдардың біріне айналды. TikTok пен Instagram Reels платформаларында жас музыканттар домбырамен әлемдік хиттерге cover түсіріп, қазақы нақыштағы заманауи орындауларды ұсынып жүр. Осындай форматтағы видеолар миллиондаған қаралым жинап, жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттырды.
Әсіресе TikTok-та домбырамен әлемдік хиттерді орындау трендке айналды. Жас музыканттар шетелдік танымал әндерді домбырамен орындап, миллиондаған қаралым жинай бастады. Кейбір видеоларда домбыра үні electronic music, phonk және lo-fi бағыттарымен араластырылып, қазақы sound-тың жаңа форматы қалыптасып келеді.
Домбыра үні поп, рок, электронды музыкамен араласып, жаңа сипатта естіле бастады. Қазіргі жастар үшін домбыра тарту ескіліктің белгісі емес, керісінше, креативті ойлау мен заманауи көзқарастың көрінісіне айналды. Осылайша көне аспап қазақтың жаңа цифрлық образын қалыптастырып жатыр.



