Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткізілді. Құрылтайда еліміздің болашағы үшін өзекті болып табылатын мәселелер қаралды. Сөз басында ел Президенті 5-ші маусымда республикалық референдумның табысты өткені үшін барша қазақстандықтарға алғысын білдірді. Бұл бойынша іске асырылып жатқан өзгерістердің нәтижесінде Жаңа Қазақстанның негізі қаланып, екінші республика қалыптасатын болады.
Осыған орай, Мемлекет басшысы: «Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады. Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім» – деп нақтылап өтті.
Ұлттық құрылтай – ұлы істердің бастамасы болады деген сенімдемін. Құрылтайдың құрамына еліміздің ертеңі үшін алаңдайтын, жанашыр азаматтар мүше болды. Бұл өз кезегінде Тәуелсіз Қазақстанның демократиялық қағидаларға негізделген үрдістерінің басшылыққа алғанын көрсетеді. Ел Президентінің бастамасы қоғам тарапынан қолдауға ие болғанын айта кетуіміз тиіс.
Осыған байланысты «AMANAT» партиясының Төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Жақанұлы Қошанов: «Президентіміз ел тағдыры қыл үстінде тұрған сын сағатта қиын шешімдер қабылдады. Халқымыз Мемлекет басшысының Екінші республика құруды көздеген стратегиялық бағытын, терең реформаларын, елді түбегейлі өзгертуге бағытталған тарихи талпынысын басым дауыспен қолдады. Осы тұста, Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен бір нәрсені ерекше атап өткім келеді. Ел тағдыры қыл үстінде тұрған сол сын сағаттарында аса ауыр жағдайда қандай қиын шешімдер қабылдағаныңыздың куәгері болдық. Сол шешімдер біздің тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді сақтап қалғаны – ақиқат», – деп оң баға бергенін тілге тиек етті.
Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен өткен Ұлттық құрылтай – барлық түйіткілді мәселелердің шешімін табатын алаң болып қалады деп санаймын. Осыдан кейін халық пен биліктің байланысы одан әрі нығая түсіп, бірлесе қызмет атқаратын болады.
Таңатарова Жадыра Нағашыбайқызы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының фракциясы жетекшісінің орынбасары.