Шымкент қалалық «Amanat» партиясының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері «Мадина» макарон фабрикасының қызметкерлерімен кездесті. Жұмысшы топтың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, бірнеше саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Кездесуді ашқан Бахадыр Мәдәліұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген мәселелерге тоқталып, жиынның басты тақырыбы ретінде атом электр станциясының құрылысын атап өтті.
«Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 миллиард кВт/сағ құрайды деп күтілуде. Алайда қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған электр станциялары тек 135 миллиард кВт/сағ ғана қамтамасыз ете алады. Осыған байланысты, қазіргі таңда Ресейден келетін ағындар электр қуатының тапшылығын жауып отыр, бұл өз кезегінде энергетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарығының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Ол Қазақстанның энергетикалық секторы көмір электр станцияларына аса тәуелді екенін атап өтті, бұл тәсілмен ұзақ мерзімде энергия қуатын өндіру мүмкін емес екенін түсіндірді. Себебі, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, ал халық санының өсуі мен энергия тұтыну көрсеткішінің қарқынды артуы жағдайды қиындатып отыр.
Бахадыр Мәдәліұлы: «Экономикасы дамыған елдермен тең дәрежеде болу үшін, бірінші кезекте электр қуатын шешіп алуымыз керек. Электр энергия – экономиканың локомотиві», – деп атап өтті.
Жиында мекеме мамандары да өз ойларын білдіріп, сұрақтар қойды. Атап айтқанда, көпшілік атом электр станцияларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Чернобыль мен Фукусима апаттары туралы еске ала отырып, сол жағдайлардың қайталану мүмкіндігін сұрады. Штаб мүшелері қазіргі уақытта салынатын атом электр станцияларының технологияларының мүлдем өзгеше екенін түсіндірді.
«1986 жылғы Чернобыль және 2011 жылғы Фукусима-1 атом электр станцияларындағы апаттардан алынған сабақтар жаңа реакторлардың жобалануы кезінде ескеріледі. Бұл оқиғалардың әсерінен атом энергетикасының қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді. III+ буын реакторларының конструкциясына қосымша қауіпсіздік мүмкіндіктері енгізілді», – деді Бауыржан Әлтеев.
Одан бөлек, штаб мүшелері атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл, мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайтынын да мәлім етті.
Сонымен қатар, жұмысшылар тарапынан АЭС жобасының Астанадағы ЛРТ сияқты жарты жолдан тоқтап қалу мүмкіндігі туралы да сұрақтар болды. Штаб мүшелері келіссөздер, келісім-шарттар жасау және сатып алу процестерінің барынша ашық болатынын және атом энергетикасының әлемдегі ең тәртіпті сала екенін айтты. Атом электр станцияларын жобалау және салу кезінде техникалық қадағалауды тәуелсіз реттеуші жүзеге асырады және құрылыс МАГАТЭ бақылауымен жүргізілетіні түсіндірілді.
Жиынды қорытындылаған Бахадыр Нарымбетов атом электр станциясын салу Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық тұрақтылығын арттыру үшін маңызды қадам екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа технологиялар мен қатаң қауіпсіздік шаралары арқылы атом энергетикасы еліміздің энергия қажеттілігін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар қоғамның қолдауымен және ашық бақылаумен жүзеге асырылғанда ғана өз тиімділігін көрсетеді. Сондықтан халықты ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ жобаның барлық кезеңдерін қадағалау арқылы сенімділік қалыптастыру қажет.
KazPikiR тілшісі