Бүгінгі күні тыныштық пен бейбітшілік ұғымын құнды екенін түсінетін уақыт келді. Этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісім көпэтносты мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылығының кепілі. Еліміздің көпэтносты болуы – біздің байлығымыз деп санаймын. 130-дан астам этностар мекендейтін қазақ елінде бір шаңырақ астында бейбітшілік пен достық туы көтерілуде.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың негізгі ұстанымы. Өздеріңізге белгілі Президентіміздің «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және Әрбіріміз үшін. Қазір және әрдайым» бағдарламасында: «Бірлігіміз – әралуандылықта» әмбебап қағидаты бойынша этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімді нығайту саясатын жалғастырамыз» – деп атап өтті. Осыған байланысты Ел Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында: «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» – деп нақтылады.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының негізгі қолдаушысы мен ұстанымын білдіретін «АМАNАТ» партиясының Саяси тұғырнамасында: «Қазақстан – әлемге татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылған мемлекет.
Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы. Біз жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, еліміздегі ұлтаралық татулыққа, конфессияаралық келісімге сына қағуға ешқашан жол бермейміз. Біз тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарай кез келген кемсітушілікті айыптаймыз» – делінді.
Партияның «Халықпен бірге!» атты бес жылға арналған қалалық сайлауалды бағдарламасында этносаралық татулыққа ерекше мән берілді. Атап айтқанда: Этноконфессияаралық ахуалдарды мониторингілеу мен қарама-қайшылықтарды жедел оқшауландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мақсатында 375 іс-шара өткізіліп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында ақпараттық – насихаттық түсіндіру аясында 550 кездесу ұйымдастыруды жоспарладық.
Қазіргі таңда әр жылға жоспарланған көрсеткіштер артығымен орындалып келе жатқанын жеткіземін. Сондай-ақ қалалық мәслихаттағы «АМАNАТ» партиясы фракциясының жетекшісі ретінде этносаралық бірлікке байланысты атқарылып жатқан бірқатар шараларға тоқталып өтсем. Партияның қалалық филиалы мен жергілікті Ассамблея, қоғамдық келісім мекемесі арасында меморандумға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары түзілген. Қаладағы этно-мәдени бірлестіктердің іс-шараларын жоғары деңгейде өтуіне мәслихаттағы депутаттар мен фракция мүшелері белсене атсалысуда.
Сонымен қатар, қазіргі таңда этносаралық тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін негізгі факторлар мен ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттардың алдын алуға байланысты қоғам болып жұмыс жасауымыз керек. Қаламыздың 30 пайызы жастар болып табылады. Олардың 80 пайызынан астамы смартфонды қолданып, әлеуметтік желілерді қолданады. Ондай неше түрлі жағымды, жағымсыз ақпараттар көрсетілетінін білеміз.
Сондықтан бірінші кезекте жастар қауымына мемлекеттің негізгі ұстанымы дипломатия мен бейбітшілік екенін насихаттап, түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыруымыз тиіс. Сонымен бірге, идеологияны негізгі өзегі – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға этносаралық татулық пен конфессияаралық достық жайлы қысқаметражды фильмдер көптеп көрсетілуі тиіс.
Қазақ халққында: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген мақал текке айтылмаған. Сондықтан бірлік пен ынтымақты басты назарда ұстауымыз қажет. Отан – отбасынан басталады. Қолда бар бейбітшілік ұғымының қасисетті екенін әр ата-ана ұл-қызына түсіндіріп отыруы керек. Сонда ғана ұрпақтан-ұрпаққа бейбітшілікті аманат етіп табыстаймыз. Әрбіріміз өз үлесімізді қосайық!
Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
ИМАШЕВ Қайрат Есенбекұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі