Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғалымдармен кездесіп, ғылым саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Айта кетейік, Ғылым күні мерекесі ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті, ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды екенін Ел Президенті нақтылап айтып өтті. Сондай-ақ «ғылым» туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі ойға оралатыны анық. Өйткені мемлекеттік мәртебесін қайта иеленген Ұлттық ғылым академиясы еліміз ғана емес, бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығы мақтан тұтатын Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысын мақтанышпен айта аламыз.
Президент жиын барысында еліміздегі қазіргі ахуалға тоқтала келе, апаттардың алдын-алуда ғылым арқылы ғана еңсере алатынымызды айтты. Сондықтан да еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіру үшін жұмыс жасалатын болады. Қазіргі таңда ғылымын дамытқан елдер әлемде көш бастап тұрғаны айқын. Ғылыми әлеуетімізді нығайтып, барлық салаларда инновациялық-технологиялық тәсілдер енгізілуі заманның талабы. Осыған орай, Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселелерді назарға ұсынды:
Бірінші. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды.
Екінші. Ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс.
Үшінші. Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет.
Төртінші. Университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару керек.
Бесінші. Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті.
Аталған мәселелерді басты назарға алып, ғылым саласында қайта серпіліс жасалуы керек. ХХІ ғасыр нағыз зияткерлік ұлттың ғасыры болып табылады. Ғылымы мықты елдің болашағы зор болмақ. Бүгінгі күні білім ордалары заманның сұранысына төтеп бере алатын кадрларды даярлауды назарда ұстауы керек. Қай заманда болмасын білімі мен ғылымы дамыған мемлекеттер алдыңғы қатарға шыққанын тарих беттерінен көре аламыз.
Ғылымды дамытуды қолға алмасақ, келешегіміз бұлыңғыр болатыны анық. Білімі мен ғылымын жоғары қойған ұлт қана үлкен жетістерге жетеді. Сондықтан Мемлекет басшысының бүгінгі жиындағы айтылған мәселелері және жүктелген тапсырмалары мен міндеттері елдің мүддесі үшін жасалып жатқан қадам деп айтуға негіз бар. Бұл мәселеде барлық ғылым саласының мамандары бірлесе отырып, жұмыстар атқаруымыз қажет деп санаймын.
Пазылова Дана Темірбекқызы, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ, «Физика» кафедрасының аға оқытушысы, PhD