Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетСаясатҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖИЫНҒА АЙНАЛУЫ ТИІС!

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖИЫНҒА АЙНАЛУЫ ТИІС!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен маусым айының 16-шы жұлдызында Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтайдың І-ші отырысы өтті. Ел Президенті билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс екенін айтты. Осы орайда, референдум жаңа қоғамдық мәміленің негізін қалыптастырды. Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет деп, мынадай үш бағыттарға назар аударуды атап көрсетті.

Біріншіден, жалпыұлттық бірлікті нығайтуымыз тиіс. Демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құру – стратегиялық бағытымыз. Қазіргі таңда билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, митингілер туралы  демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табады деп есептеймін.

Екіншіден, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге атсалысуымыз керек. Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз.  Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.  Ақпараттық қоғамда жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдануымыз керек.  Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға ерекше мән беруіміз керек.

Үшіншіден, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыруды алға қоюымыз қажет. Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануды басшылыққа  алуымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болады деп санаймын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынды. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.  Жұрт реформаның нақты пайдасын көріп, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қосатын болады.

Қорыта келгенде, Ұлттық құрылтай қоғамдағы азаматтардың демократиялық ұстанымдарын дамытуға ерекше үлес қосады деген сенімдемін! Алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жолға қойылып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы бастамалары сәтті іске асады деп есептеймін!

Имашев Қайрат Есенбекұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР