Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов жаңа бас жоспардың сызбасымен танысты. Бұл іс-шараға Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі ретінде өзімде қатыстым.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бастаған жұмыс тобы жиылғандарға бас жоспарды көрсетіп, қаласының жаңа бас жоспарымен 5 күнде 400-ге жуық адам танысқанын, ал 30 тұрғын жазбаша ұсыныс қалдырғанын жеткізді. Әрбір талап-тілек мамандармен зерделеніп, қажеттісі ескерілетін болады.
Қоғамдық талқылау 2022 жылдың 21 маусым мен 21 шілде аралығында, сағат 09:00-ден 17:00 дейін, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Желтоқсан көшесі 9/4, 2 қабатында өткізіледі. Кез келген қала тұрғыны құжатпен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыра алады. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл – бас жоспарды бекіту жұмысының бірінші кезеңі.
– Бас құжаттағы маңызды тұстың бірі – инженерлік инфрақұрылымды, жол салуды дұрыс жоспарлау. Соңғы бас жоспар жасалған кезде қала тұрғындарының саны басқаша еді. Жыл сайын демография және көші-қон факторларының есебінен Шымкент тұрғындарының саны көбейіп келеді. Бұған қоса көлік кептелісін азайтып, жолдарды дамыту маңызды. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, барлық жұмыс жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.
Жаңа бас жоспарды нақтылау жұмысының екінші кезеңі – тұрғындардың ұсыныстары ескерілген соң күзге қарай қалалық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылатын болады.
Шымкеттің бас жоспарын «Градкомплекс» ЖШС жасауда. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.
Қаламыздың гүлденіп, өркендеуі үшін әрбіріміз атсалысуымыз тиіс!
Имашев Қайрат Есенбекұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі