Қазіргі таңда Тәуелсіз еліміздің тарихында «Жаңа Қазақстанды» құру жолында саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар іске асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған реформалар сәтті жүзеге асырылады деген сенімдемін. Елдің жаңаруы мен жаңғыруы – заманның талабы болып табылады.
Сондықтан Президенттің биылғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауларының мәні мен мазмұны еліміздің игілігі үшін жасылынып жатқан дүние екенін ескеруіміз тиіс. Қыркүйек айындағы Жолдауда биыл кезектен тыс Президент және ендігі жылы Парламент сайлауын өткізуді айтқан болатын. Бұл мемлекетіміздің демократиялық дамуына қайта серпілістер мен мүмкіндіктер береді деген сөз.
Осыған орай, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған үндеуінде: «Мен Жолдауымда сайлау мерзімін жария түрде және ашық айттым. Осылайша, біз басты мемлекеттік институттар – Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құрамыз.
Осы бастамалар жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім. Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр.
Сондықтан мен бүгін бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Ата заңның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым», – деп нақтылап атап өтті.
Ендігі сәтте барлық азаматтар еліміздің болашағы мен тұрақтылығы үшін белсене атсалысуы керек деп санаймын. Жаңа көзқарастар мен жаңа белестер, жаңа дамулар орын алады деген сенімдемін. Сайлау – әр азаматтың саяси құқығы мен таңдауы.
Сайлаудың демократиялық тұрғыда өтуіне әр қазақстандық атсалысуы тиіс! Қолдау білдіре отырып, сайлаудың әділ әрі заң аясында болатынына әр азамат мүдделі екенін естен шығармағанымыз абзал.
Қозбахов Шыңғыс Лесбайұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі