Жуырда Шымкент қаласына «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев табан тіреп, қоғамдық бірлестіктің ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру жөніндегі үндеуін жариялаған болатын. Осы жиында үшінші мегаполистегі бірқатар белсенді халық қалаулылары марапатталды.
Міне, сол абырой биігінен көрінгендердің қатарында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Айжан Наимбекова да бар. Бұл есім Бозарық, Асар, Асар-2 шағынауданының тұрғындарына жақсы таныс. Өйткені Айжан Ізбасханқызы күні бүгінге дейін аты аталған аймақтардағы әлеуметтің күрделі мәселесін мәслихат мінберінен көтеріп, шешілуіне атсалысып келеді. Нәтижесінде тұрғындарды толғандырған түйткілдердің біразы шешімін тапты.
Халық қалаулысы әлеуметтік желіде де жұртшылықпен кері байланыс орнатып, тұрғындармен тілдесуді әдетке айналдырған. Мемлекет басшысы жариялаған реформаларды да әуелгілерден болып тарқатып, түсіндіріп, үн қатып жататынын ойы нық, санасы сергек оқырман жақсы біледі.
Өзгені қойғанда, кәсіпкерлік саланың қыр-сырын жақсы білетін жан инновациялық жобаларға берілетін грантқа үміткерлерді іріктейтін комиссияға екі жыл қатарынан жетекшілік етті. 2021 жылы халық қалаулысының өзі 4 кәсіпкерді арнайы қолдап, 20 млн теңге грант алуына себепші болды. Араға жыл салып, сол кәсіпкерлер мемлекетке 21 миллион теңгенің салығын төлеген. Міне, осыдан-ақ мемлекет қаржысына деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көруге болады.
Әрине, атқарған ісін айта берсек, көп. Бастысы – марапаттың иесін тапқаны. Ендеше редакциямыздың атынан халық қалаулысын аталған марапатпен құттықтаймыз! Ел үшін атқарар еңбегіңіз елене берсін, Айжан Ізбасханқызы!
KazPikiR тілшісі