Тәуелсіз ел атанғаннан кейін көпшілік біздің елімізде ұлтаралық қақтығыстар туындап, құлдырауға ұшырайды деген болжамдар жасаған болатын. Елбасы ұлтаралық келісімнің ерекше моделін іске асырып, әлемдік елдерге үлгі болуда. 1995 жылғы 1 наурызда Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді.
Қазіргі таңда этносаралық және конфессияаралық татулық пен ынтымақтастықты сақтау – саяси тұрақтылығымыздың кепілі екенін ұмытпаған жөн. Бұл бағытта Шымкент қаласындағы жағдайға тоқталып өтсем: қаламыз көп конфессиялық, көпэтносты болып табылады.
Қала аумағында 11 конфессияны білдіретін 118 тіркелген діни бірлестіктер жұмыс істейді. Олар: 87 – исламдық; 6 – православие; 1 – католик; 7 – елуіншілер; 5 – пресвитериандық; 5 – христиан баптистер; 3 – Ехоба куәгерлері; 1 – Жаңа апостолдық шіркеу; 1 – еврей; 1 – бахаи; 1 – адвентистер.
Исламдық емес бағыттағы діни бірлестіктерде Ресей, Корея, Өзбекстан, Аргентина, Италия, Украина, Германия Республикаларынан келген 11 азамат шіркеу аумағында миссионерлік қызметпен айналысуда.
Аталған жоспар аясында Шымкент қаласының Дін істері басқармасы тарапынан 2021 жылы дін мәселелері бойынша мақсатты топтар арасында 800-ге жуық ақпараттық түсіндіру іс-шаралары жүргізілген. Бұл ағымдағы жылға жоспарланған іс-шарадан 4,8 есе жоғары орындалып отыр. Сонымен қатар, Мемлекеттік саясаттың зайырлықты ілгерілету, дін саласындағы ұлттық-патриоттық тәрбиені арттыру бойынша интернет-кеңістікте қарсы насихат жұмыстары ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 234 мақала, әлеуметтік желілерде 708 жаңалық және 500 бейнеролик орналастырылған.
Қала аумағындағы діни бірлестіктердегі және миссионерлік қызметпен айналысатын азаматтардың жүргізіліп отырған уағыздарына Басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог мамандары тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады.
Бүгінге дейін діни бірлестіктер тарапынан діни қызмет саласындағы Заңнамаларды бұзу фактілері тіркелмеген. Ал, ақпараттық-насихаттық жұмыстар саласында 2021 жылға дін істері басқармасы тарапынан ҚР АҚДМ тарапынан әзірленген діни саладағы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарына арналған «Жаңа тәсілдер» әдістемесінде көрсетілген тақырыптық бағыттар негізінде жұмыстар жүргізілуде.
Сондықтан, барша азаматтар Елбасы мен Мемлекет басшысының этносаралық және конфессияаралық татулықта ұстанып отырған бағытына үлесімізді қосуымыз тиіс!
Байқонысов Ербол Рәбілұлы – «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Саяси жұмыстар» бөлімінің меңгерушісі, саяси ғылымдарының магистрі, PhD – докторант.