Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 5-ші маусымында ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл өзгерістер негізгі бес бағытты қамтып отыр. Яғни, Ата Заңның 33 бабына өзгерістер енгізіледі. Оның ішінде айтып өтетінім азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру бойынша бірқатар өзгерістер орын алатын болды. Мұнда, Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып қайта құрылады. Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайтын болады. Әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарының жоғары дәрежеде қорғалуын қамтамасыз етеді дегенді білдіреді.
Сонымен қатар өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық деңгейде түпкілікті бекітіледі. Ал, прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды күшейтуге тиіс. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет береді. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады.
Бұл өзгерістер демократиялық қағидалардың дамуына ерекше септігін тигізеді. Барлық елдің конституциясында көрсетілгендей, адам өмірі мен бостандықтары және құқықтары бірінші кезекте тұратыны белгілі. Сондықтан конституциядағы бұл өзгерістер өркениетті елге айналудағы негізі қадамдар деп айтуға болады.
Жаңа Қазақстанды жаңа бастамалармен құрамыз деген сенімдемін. Әрқашан ел ішіндегі бірлігіміз бен татулығымыз мықты болсын. Бірлесе отырып, Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды қолдап, жалпыхалықтық референдумға белсене қатысайық!
Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Балабиев Нұрсұлтан Қайратұлы