Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашада өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды және осы бастамаға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады.
Президенттің халыққа соңғы үндеуі биыл болған конституциялық реформаның тиісті деңгейде жүзеге асырылуына қатысты. Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өтті. Нәтижесінде Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізілді. Осылайша халыққа мейлінше еркіндік беріліп, демократия мен заң үстемдігі күшейтілді.
Президент сайлауын өткізу туралы бастама кейінгі үш жылдағы саяси жаңғыру бағытына толыққанды сай келеді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа, неғұрлым теңдестірілген тәртібін бекітті. Жаңа үлгіні іске қосу үшін мемлекеттің Президент, Парламент, Үкімет, мәслихаттар сияқты шешуші институттарын қоса алғанда бүкіл саяси жүйені қайта бастау қажет.
Елімізде алғаш рет Президент өзінің электоралдық циклін алдын ала жариялады. Бұл саяси бәсекелестік және демократиялық принциптерге сай. Себебі, саяси партияларға бірінші қыркүйектен бастап 2023 жылы өтетін Парламент сайлауына, 20 қарашада өтетін Президент сайлауына алдын ала дайындалып, өз кандидаттарын ұсынуға, жалпы сайлауалды науқанға дайындалуға мүмкіндік берді.
Кезектен тыс президент сайлауы – еліміздің тұрақты дамуына үлес қосатын шешім, деп ойлаймын. Алдағы Президент сайлауы біздің қоғамның бірлігін, мемлекетіміздің тұрақтылығын, кең көлемді әлеуметтік-экономикалық реформалардың дұрыс бағытта іске асырылып отырғанын көрсететін ең маңызды фактор.
Еліміздің болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!
Сулайманов Лазиз Низамханұлы, Шымкент қаласының мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі