Тәуелсіз еліміздің саяси жүйесінің қайта жаңғыруы келешек үшін іске асырылып жатқан шаралар деп есептеймін. Қандай кезеңде де ескінің кетіп, жаңаның қайта пайда болуы заңды құбылыс болып табылған. Осыған орай, мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі өзгерістер халықтың игілігі үшін жасалынып жатқанын түсінуіміз тиіс. Наурыз айындағы Ел Президентінің Жолдауы саяси салаға ерекше мән беріліп, еліміздің билік тармақтарындағы өзгерістерді атаған болатын. Ал, қыркүйек айындағы Жолдау дәстүрлі жалғасы болып табылатынын ескеруіміз қажет. Мұнда экономика мен әлеуметтік салалар тереңінен қаралғаны елді қуантты.
Саяси құжатта осы күзде кезектен тыс Президент сайлауын, ендігі жылы Парламент сайлауын өткіземіз деген Президент, еліміздің демократиялық тұрғыдағы дамуына ерекше назар аударды. Соның дәлелі ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 20-шы қарашасында кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні туралы қаулыға қол қойды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеуінде: «Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр», – деп атап өтті. Осыған байланысты ішкі тұрақтылық пен татулықты сақтай отырып, саяси науқанның мәнісін жете түсіне білуіміз шарт.
Осы мәселе төңірегінде Ел Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясы 77 сессиясының отырысында: «Қазақстан Президенті ретіндегі ұстанымым – әрбір азамат тең мүмкіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған Әділетті Қазақстанды құру. Менің елімде әділдік салтанат құруы керек. Заң мен тәртіп қоғамымыздың негізі болады. Бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар. Алдағы айларда Қазақстанда президент және парламент сайлауы өтеді. Мен Президент өкілеттігін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым. Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс», – деп нақтылай түсті.
Сондықтан демократиялық қағидалардың іске асуы, ел мүддесі үшін жасалынып жатқан дүние екенін білуіміз тиіс. Бұл өз кезегінде қоғамдағы азаматтар арасындағы бірлік пен ынтымақты одан әрі күшейтеді деген сенімдемін.
Имашев Қайрат Есенбекұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі