Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетПікірAMANAT ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІМЕН СҰХБАТ!

AMANAT ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІМЕН СҰХБАТ!

Құрметті оқырман! Бүгін сәті түсіп, «AMANAT» партиясының атынан Шымкент қаласының мәслихат депутаты атанған Имашев Қайрат Есенбекұлымен сұхбаттасып, өзекті сауалдарымызға жауаптар алдық.

Тілші: Қайрат Есенбекұлы! Сіз қала деңгейінде праймериз кезінде тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп, қолдауына ие болдыңыз. Сенім артқан сайлаушыларыңыз Өзіңізді мәслихат мінберінен көргісі келгені де жасырын емес. Жыл өтті, көптің тілеуі орындалды. Бүгін бір айдан астам уақытта сайлаушыларыңызбен қайта жүздесіп, мәселелерін шешуде белсенділік танытып келесіз. Мұндай жауапкершілік істе қалай шыңдалдыңыз? Қысқаша Өзіңіз туралы да айтып өтсеңіз?

Фракция мүшесі: Бұл сұрақ өте орынды қойылды деп санаймын. Өзім туралы кішкене айтып өтсем. Қала маңындағы Ақтас елді-мекенінде қарапайым көпбалалы отбасының ең кенже 10-шы баласымын. Жас кезімнен оқу мен қатар спортты да қатар алып жүріп, біраз жетістітерге де жеттім. Бүгінгі күні үш жоғары білімі бар. Көптеген жылдар қаржы саласында қызмет жасадым. Ал, қазір кәсіпкермін. Бұл жолда көптеген асулардан асып, біраз белестерді бағындардым. Өзіңізге белгілі ХХ ғасырдың басында ұлтымыздың жанашыры, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деген сөзін өзіме ұстаным еттім десем артық айтқаным болмас. Содан, елім үшін қызмет етуді мақсат еттім. Бас партияның праймеризіне қатысып, саяси өмірде тәжірибе жинадым. Партияның бұл үрдісі партияластар мен Мемлекет басшысының қолдауына ие болды деп айта аламын. Қаратау ауданынан праймеризге қатысып, партияластар арасында қолдауға ие болғанымды жасырмаймын. Қорытынды сәттерде алғашқы орынды иеленіп, Мәжіліс депутаттарының да дебатына қатыстым. Бұл мен үшін саяси сахнада үлкен жетістік болды деп санаймын. Өзімді кәсіпкерлік саласында ғана емес, саясатта да шыңдалуыма үлкен тәжірибе болды.

Тілші: Қайрат Есенбекұлы! Өзіңіз праймериз кезінде жақсы танылдыңыз деген пікірдеміз. Партияның сайлауалды бағдарламасын насихаттап, сайлаушылардың партияға деген сенімін ұялатуда үлес қосқаныңызды білеміз. Бүгінгі күнде партияның тұрғындарға берген уәделерінің орындалуы қалай іске асырылып жатыр?

Фракция мүшесі: «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласының сайлауалды бағдарламасы праймериз кезіндегі сайлаушылармен кездесудегі олардың ұсыныс пікірлері ескеріліп бекітілді. Бағдарламаны орындау мақсатында Жол картасы әзірленді. Жол картасы 10 басымдық пен 149 тармақ, 475 көрсеткіштерді құрады. Қазіргі таңда барлық фракция мүшелері әр тармаққа жауапты етіп бекітілген. Мұның орындалуы рейтингке үлкен әсер етеді. 2021 жылы Жол картасындағы тармақтарға жауапты фракция мүшелері болатын болса, биыл партияны жаңғырту жұмысына орай, қалалық партия филиалының Саяси Кеңес Бюросының мүшелері және Саяси Кеңес мүшелері қосымша жауапты болып отыр. Сонда сайлауалды бағдарлама сапалы әрі уақытылы орындалады деген сөз. Тағы айтып өтетін болсам, 2021 жылы тұрғындарға берген уәденің 92 пайызы орындалған. Ал, 2022 жылы үш айдың қорытындысымен 5 пайыз орындалып отыр. Өзіме бекітілген тармақтар бойынша айтатын болсам, 6 – іс шараның орындалуына атап айтатын болсам, көпсалалы спорт кешенінің салынып, қолданысқа берілуіне, 45 мың азаматты қамтитын 300 спорттың жарыстардың өтуіне, «Сайрам-Су» магистралды құбырының салынуына, Құрсай және Қайнар бұлақ елді мекендерінің ауызсумен қамтамасыз етілуіне, Shymkent-bike жүйесінің жаңаруына, қаланың көшелері мен аулаларын жарықтандыруды 54,4 пайызға жеткізуге бақылау жасауға жауаптымын. Осы іс-шараларды сапалы әрі дер кезінде іске асуына атсалысатын боламын.

Тілші: Қайрат Есенбекұлы! Депутат болудағы негізгі мақсатыңыз және нені білдіреді? Негізгі ұстанымыңызды айтып өтсеңіз?

Фракция мүшесі: Мен үшін депутат болу – өзіңнің жеке мүддеңді емес, халықтың мүддесіне адал қызмет ету деп түсінемін. Депутат қоғамдық қызмет екені белгілі. Ешқандай айлық немесе артықшылықтар қарастырылмайды. Сондықтан тек қаланың гүлденуі үшін бар күш-жігерін жұмсайтын нағыз патриот азаматтар – халық қалаулылары болады. Ендігі мақсатым елдің игілігі үшін адал қызмет етуді алға қойып отырмын. Мәслихат мінберінде Аманат партиясының атынан тұрғындардың талап-тілегін көтеріп, іс жүзінде мәселелерінің шешілуіне ықпал ететін боламын. Депутат болғаныма бір айдан астам уақыт болғанымен, партия жолындағы еңбегім 10 жылдан астам уақыт болды. Партия іс-шараларынан қалған емеспін. Ал, депутат болғалы бері, жауапкершілік одан әрі артады екен. Қаншама отырыстарға қатыстым. Әр азаматпен қоғамдық қабылдауда мәселелерін шешіп отырдым. Мұның бәрі депутат деген атаққа жауаптылықпен қарауды сезіндіреді.

Ал, негізгі ұстанымым –  Аманаттық деген атқа лайықты депутат болып, Өзіме жүктелген міндеттерді адал атқару. Халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін назарға алып, оң шешілуіне ықпал ету. Бұл өз басымның емес, партияның беделі үшін жасалатын дүние. Партия сайлауалды кезеңде қандай уәде берген болса, соны орындап шығуға атсалысуымыз керек. Ол үшін үлкен еңбек, табандылық, жауапкершілік пен отансүйгіштік қажет. Сонда ғана партияның беделі арта түседі.

Тілші: Қайрат Есенбекұлы! Тұрғындар Сізден нені күтеді? Аз уақыт ішінде қандай мәселелердің оң шешілуіне ықпал еттіңіз?

Фракция мүшесі: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай, әр азаматтың мәселесін тыңдау, шешу – басты міндетіміз болып табылады. Кезектен тыс ХХІІ-Съезде шалғайдағы елді-мекендердің  тұрғындарымен жүйелі түрде кездесіп, қоғамдық қабылдау ұйымдастыруда тапсырған болатын. Осы мақсатта, жұмыстарды жүйелендіріп, іске асырып жатырмын. Маған Нұртас пен Қайтпас елді-мекендері бекітіліп отыр. Бұл тек екі ғана елді-мекенмен жұмыс жасайды деген сөз емес. Мен үшін Шымкент – бір қала. Барлық аудан тұрғындарының мәселесін қолымнан келгенше шешуге атсалысамын. Өткенде, осы елді-мекендерге барып, тұрғындарымен кездестім. Біраз мәселелердің басын ашып алдық. Алдағы уақыттарда мәслихат мінберінде қозғап, шешуге ықпал ететін боламын.

Тілші: Қайрат Есенбекұлы! Біз білетіндей, жақында ғана Шымкент қаласының, «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалы Саяси кеңес Бюросының қаулысымен «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып сайландыңыз. Осы жұмыс жайында айтып өтсеңіз!

Фракция мүшесі: Айта кететін болсақ, Партиялық бақылау комитеті партияның бақылаушы органы болып табылады. Комитет өз қызметін жүзеге асыру кезінде партиялық тәртіпті сақтаудың негізгі критерийлеріне сүйенеді, оның ішінде: партия Жарғысының, бағдарламалық құжаттардың және партия Төрағасы тапсырмаларының талаптарын сақтау; партия мүшелерінің құқыққа қарсы іс-қимылдарды жасауына жол бермеу; партия мүшелерінің партия беделін түсіретін партия мүддесіне зиян келтіретін іс-қимылдар жасауына жол бермеу болып табылады. Ал, мақсаты мен міндеттері: партиялық тәртіпті нығайту саласындағы бағдарламалық құжаттарды іске асыруды қамтамасыз етеді; партия мүшелерінің партиялық тәртіпті сақтауын бақылайды; жол берілген бұзушылық фактілері бойынша партиялық тәртіптің сақталуына бақылау жүргізеді; уәкілетті партия органдарының қарауына партия мүшелерін партиялық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізеді. Сондықтан алдағы уақытта партия жұмысының жандануына белсене атсалысатын боламын. Аудандағы түйінді мәселелердің оң шешілуін бақылауда ұстаймын. Тұрғындардың сапалы әрі лайықты өмір сүруі үшін қызмет жасаймын.

Тілші: Қайрат Есенбекұлы! Еліміздегі саяси реформалар мен партияның жаңғыруы жолындағы бағыттарына көзқарасыңыз қандай?

Фракция мүшесі: Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты қазақстандықтарға арнаған Жолдауында еліміздегі демократиялық қағидалардың іске асырылуында саяси реформаларға мән берілді. Осы арқылы Жаңа Қазақстанның негізі қалыптасады деп есептеймін. Мемлекет басшысының партия төрағалығын тапсыруы саяси партиялардың дамуында теңдікті қалыптастырады. Ал, партияны жаңғыру үрдісінде сайлау жүйесіндегі ерекшеліктер өзге саяси партиялардың дамуына септігін тигізеді. Бәсекелестік пен нағыз демократиялық жүйе орын алатыны белгілі.

Сондықтан саяси жүйенің түбегейлі өзгеріске ұшырауы қоғамдағы саяси тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды. Яғни, референдум маңызды демократиялық институт екені белгілі. Халықтың пікірін назарға ала отырып, бас құжат қайта бекітіледі деген сөз. Бұл тарихымызда ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан үрдіс деп санаймын. Фракция мүшесі ретінде өз үлесімді қосып, белсене жұмыс жасайтын боламын.

Тілші: Қайрат Есенбекұлы! Өзіңіз тек кәсіпкер ретінде емес, саясаткер жағынан да осал емес екеніңізді көрсете білдіңіз. Алдағы уақытта Өзіңізге сәттілік жолдасыңыз болсын. Халық үшін, халық игілігіне жұмыс жасайтын, халық қалаулысы бола беруіңізге тілектеспіз. Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз! 

KazPikiR

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР