Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетПікірЕЛ МҮДДЕСІ ҮШІН ЖАСАЛҒАН НЫҚ ҚАДАМДАР!

ЕЛ МҮДДЕСІ ҮШІН ЖАСАЛҒАН НЫҚ ҚАДАМДАР!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын толық оқып шығып, болашаққа деген жоспарларымен таныстым. Сұхбатта жиырма бестен астам өзекті сауалдарға нақтылап жауап бергенін ұқтым.  

Бүгінгі таңдағы қоғамды толғандыратын мәселелер туралы ашық пікірін айтып, елдіктің мәселелерін қозғаған. Яғни, Президент болған күннен бастап, Тәуелсіз еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, дипломатиялық салаларындағы жасалған игі жұмыстарды жеткізді.

Өткен жылымызда саяси реформалардың сәтті іске асырылғанын айтып өтті. Еліміздегі Конституциялық Сот жұмысын бастап, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланғанын жеткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланып, демократиялық дамуларға ерекше назар аударғанын айтуға болады.

Еліміздің ішкі саясатында тұрақтылықты қамтамасыз етіп, әлемдік деңгейдегі сыртқы қатынастарды одан әрі іске асыратыны саясат сахнасында мемлекетіміздің дамуына зор ықпал етеді деп санаймын. Осы жылы Қазақ елі  Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етіп, әлемдік дипломатияның үлгісін орнатады деп айтуға болады. Қандай да бір ұйымға төрағалық етуде еліміз жаңа бастамаларды көтеріп, саяси қайраткерлердің қолдауына ие болатыны сөзсіз.

Сұхбатта руханият пен патриотизмге де ерекше мән берілгенін атап өтуге болады. Ұлы тұлғаларымыздың ұлтымыз үшін жасаға ерліктері насихатталып, келешек жас ұрпақтың бойында қалыптастыруға мүмкіндік болады деген сөз. Осы жылы Қаныш Сәтбаев­тың, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың ел мүддесі жолындағы істері ерекше насихатталып, тойланатын болады. Тағы қуантатын жағдай Жошы ұлысы­ның іргесі қаланғанына – 800 жыл толғалы тұр. Бұл – мемлекеттілігіміз­дің тамыры тым терең­де жатқанының дәлелі деп түсінемін.

Сонымен қатар, сұхбатта Президент «Қаңтар оқиғасына» байланысты ашық ойын айтқанын көруге болады. Еліміздің болашағына балта шапқысы келетіндер бар екенін, сатқындардың құйтырқы қимылдарын нақты атап өтті. Осы сәтте – Мемлекет басшысы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күндіз-түні жұмыс жасағанын білеміз. Тікелей эфирде барлығын жеткізгенін де куәміз. Елдің болашағы үшін ерлікті істер жасағанына тарих өз бағасын береді деп есептеймін.

Баршағызға аян «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының тірегі болып табылады. Ел бірлігі мен ынтымағы, татулығы мен достығы, тұрақтылығы мен дамуы басты ұстаным екені белгілі. Сұхбатта Ел Президенті сай­лауда ең көп дауыс алған «Amanat» партиясы Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынғанын, партияның сайлау ал­дындағы тұғырнамасының экономи­каға қатысты бөлігі қазіргі Үкіметтің бағдарламасы негізінде жасалғанын нақтылап айтып өтті. Бұл өз кезегінде партиямыздың алдында тұрған міндеттері мен жауапкершілігі зор екенін білдіреді. Партия халықтың партиясы! Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде әр азаматтың талап-тілегіне жауап бере аламыз деп санаймыз. Сондықтан Ел Президентінің сұхбаты өте әсерлі болғанын айта аламын. Бірлік бар жерде, тірлік болатыны ақиқат. Баршамыз жұмыла жұмыс жасайық!

ИМАШЕВ Қайрат Есенбекұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР