Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетПікір"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ "AMANAT" БОЛЫП ӨЗГЕРДІ

«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ «AMANAT» БОЛЫП ӨЗГЕРДІ

Көктемнің алғашқы күні саяси ұйымның кезектен тыс ХХІІ-ші Съезі онлайн форматта өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 393 делегат қатысты. Съезде Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс – деді.

Саяси ұйымның атауын «АMANAT» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық.  Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым.  Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы.  Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады.

«Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын, – деді Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Қажет болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді партия Төрағасы.

Сондай-ақ, партия Төрағасы елімізді одан әрі жаңғырту үшін партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін атап өтті. Сондықтан жалпыұлттық өзекті мәселелер күн тәртібін әзірлеу үшін Қазақстанның әрбір азаматынан тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастырған жөн. Мемлекет басшысы партияластардың ішінен сенімді адамдарды іріктеп, оларды ілгерілету ісін жалғастырған жөн деп санайды.

Шымкент қаласының мәслихат депутаты, мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сүлейменов Қайрат Мұсаханұлы

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР