Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетСаясатЖОЛДАУ – ЕЛДІҢ ДАМУЫНА НЕГІЗ БОЛМАҚ!

ЖОЛДАУ – ЕЛДІҢ ДАМУЫНА НЕГІЗ БОЛМАҚ!

Қыркүйек айының бірінші жұлдызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің кезекті сессиясының ашылуында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жариялады. Жолдауда Ел Президенті барша халық қалаулыларына елмен етене араласып, мұң-мұқтаждарымен танысып жүргені үшін ерекше ризашылығын білдірді. Айта кететін болсам, Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар жұмыстар іске асырылғанын айтқым келеді.  Мысалы, келешек ұрпақты тәрбиелейтін білікті ұстаздардың жалақысы 2020 жылдан бері екі есе өсті. Ақ халатты абзал жандардың – дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды.

Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл негізінен алғанда партиямыздың «Жер аманаты» жобасы аясында іске асырылғанын айтқан жөн. Ал, Шымкент қаласында 2022 жылы 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, халық игілігіне берлгенін жеткіземін.  

Қазіргі сәтте әлемде демократиялық мемлекеттерде әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары ерекше қорғалғанын айтып өтейін. Азаматтардың саяси санасы мен құқықтық мәдениеті қалыптасқан өркениетті елдерде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнаған. Маңыздылығы елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын орнату болып табылады. Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асырып, жалғастыра беруіміз тиіс деп санаймын. 

Жолдаудың мазмұны мен мәні бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құру болып табылады. Дегенмен де, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіріп жатқанын атап өтті. Бұл да ұлтымыз үшін үлкен сабақ болды болды деп санаймын. Сондықтан Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды!»

Әр азамат отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімімен сусындап, «Адал азамат» болуы тиіс.

Баршамыз берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек ететін болсақ,  Отанымыз көркейіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық дегеніміз осы болары анық!

ТАҢАТАРОВА Жадыра Нағашыбайқызы, партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы, «SAIRAM-ORKENIET» бастауыш партия ұйымының төрайымы

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР