ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтқан болатын. Содан «Ауыл – ел бесігі» жобасының басталғанын жариялады. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті», – деп атап өткен еді.
Қазақстанда перспективті 3,5 мыңнан астам ауылдар анықталып, онда ауыл халқының 89 пайызы тұратыны белгілі. 2019-2021 жылдары ауылды дамытуға «Ауыл-ел бесігі» жобасы, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жол картасы, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша және жеке инвестициялар есебінен ауыл аймақтарын дамыту үшін 1,2 трлн.теңге жұмсалды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 12 мыңнан астам жоба жүзеге асырылса, 6,5 мың жоба іске асыру сатысында тұрғанын айта кетейін.
Алдағы төрт жылда «Ауыл-ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, ауылдарды жаңғыртуға жалпы алғанда 1,3 триллион теңге жоспарланған. 2025 жылға қарай ауылдық елді-мекендерді сумен қамтамасыз етуді 100 пайызға жеткізіледі. 10 мың шақырым елді мекенішілік жолдардың жағдайы жақсарады. 12 мың шақырым инженерлік желілер салынады және жөнделеді. Бірнеше мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып, 5 мың ауыл мектебі жаңартылатынын белгілі болды. Бұл өз кезегінде білім сапасының жоғары деңгейде артатынын көрсетеді.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені саласында 4,5 триллион теңгені құрайтын 1 мыңға жуық жоба жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есеге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2 есеге артып, қайта өңдеу өнімдерінің үлесі 70 пайызға дейін жететін болады. Бір миллион ауыл тұрғыны табысын арттырса, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орындары пайда болады деп жоспарлануда.
Осы жобаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл-ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен көңіл бөлуде. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын жүзеге асыру қарқыны ерекше бақылауда екені белгілі. Ауылға көңіл бөлу арқылы алтын киелі бесігімізді гүлдендіретін боламыз. Нағыз қазақ ұлтының атамекені мен алтын діңгегі – ауыл! Баршамыз ауылдың гүлденуіне өз үлестерімізді қосайық!
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің «Физика» кафедрасының аға оқытушысы Пазылова Дана Темірбекқызы, ф.-м.ғ.к., доцент Абекова Жанна Айдарбекқызы.