Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетСаясатЖОЛДАУ – ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАДЫ!

ЖОЛДАУ – ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАДЫ!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жария етті.

Мемлекет басшысы өзінің бес бағыттан тұратын Жолдауында экономиканың өсуіне қатысты бірінші кезектегі басымдығы, яғни ел  экономикасын дамыту, саяси және әлеуметтік- экономикалық салалардағы реформаларды жалғастыру мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау, жастарға жан-жақты қолдау көрсету, келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беру, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына көмек көрсету мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайызбен шағын несие берілетін болады.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына 18 жасқа толғанға дейін аударылып, жинақталған қаржыны балалар кәмелет жасына толғаннан кейін өз таңдауы бойынша баспана немесе білім алуына жұмсай алатындығы қуантарлық жағдай.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында қарапайым халықты толғандырған нарықтық тұрақсыздық, бағаның өсуі, құрылыс және аграрлық секторларды дамыту, жерді игеру, салық  мәселелері, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы жаңа бастамалар мен тың реформаларды жүзеге асырудың қажеттігіне баса назар аударды.

Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет, мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттілік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына дайынмын деген мемлекет басшысы, осы жылы күзде Президент сайлауын, келесі жылдың бірінші жартысында Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізуді және Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды.

Нәтижесінде 2023 жылдың   ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі институттардың барлығы қайта жаңғырып, жаңаратындығын жеткізді. Мемлекет басшысы өз Жолдауын қорытындылай келе, Әділетті Қазақстанды құру ісінің енді ғана басталғандығын, алдағы жолдың қиындығы көп екендігіне тоқталып, барша Қазақстандықтарды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырды.

Ұлтымыздың тұтастығы мен мызғымас мемлекетіміздің баянды болашағы үшін, саяси мәні мен маңызы аса жоғары, Президентіміздің Жолдауын жүзеге асыруға атсалысайық!

Сүлейменов Қайрат Мұсаханұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты,  «AMANAT»  партиясы фракциясының мүшесі

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР