Қаламызда 8 жоғарғы оқу орны, 38 арнаулы орта білім беру ұйымдары және оларға қарасты студенттік жатақханалар бар.
«Жастар рухы» Жастар қанаты студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында ЖОО және ОАОО жанындағы студенттік жатақханаларға жүйелі мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді.
Мониторинг жүргізудің мақсаты – оқу орны ғимараттарының дайындығын зерделеу және жатақханалардың санитарлық нормаларға, тұрмыстық жағдайларға сәйкес келмейтін фактілерін анықтап, оқу орындарының басшылығына ескертулерді жою бойынша ұсыныстар беру.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің №1 және №2 жатақханаларын зерделеу мақсатында арнайы мобильді топ жасақталған. Оның құрамында «AMANAT» партиясы жанындағы «Білім беру және Денсаулық сақтау» бойынша қалалық кеңес төрағасы Е.Серкебаев, кеңес мүшесі Б.Қуанышбеков, «Жастарды қолдау» кеңесінің төрағасы, маслихат депутаты Н.Балабиев, Elitat.kz ақпараттық агентігінің тілшісі Т.Казьмин, «Айқын» газетінің тілшісі Н.Шамшиева бар.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің меншігіндегі №1 студенттер үйі 2015 жылдың қыркүйек айында қолданысқа берілген. Жатақхананың жобалық қуаттылығы 500 орын. Әр бөлмеде 2 жатын орын мен жеке жуынатын бөлмелер бар. Әр қабатта 4 электрлік плита мен микротолқынды пештері, асхана және киім жуатын бөлмелер орналасқан. Студенттер үйінде заманауи медициналық орталық, коворкинг орталық, оқу залдары одан бөлек, білім алушы жастарға эстетикалық тәрбие беру және жаңа буын ұстазын даярлау мақсатында үйірмелер жұмыс жасайды. Атап айтар болсақ, домбыра, қолөнер, айтыс, бейнелеу өнері, ұлттық би, аспаптар жасау, эстрада, КТК, мерекелік кеш жүргізушілерін даярлау, тігін үйірмелері.
Студенттердің қолайлылығы үшін Wi-Fi интернет желісінің жылдамдығын арттыра отырып, кітапханадығы кітаптар санын, компьютер санын көбейткен.
Жатақхана барлық талаптарға сай, студенттерді қабылдауға дайын.
KazPikiR тілшісі