Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетӘлеуметБілімШЫМКЕНТТЕ «КІТАП-AMANAT» КІТАП ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ «КІТАП-AMANAT» КІТАП ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, қалалық филиал Төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық филиал Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы, жазушы, публицист Момбек Әбдіәкім және өңірдің зиялы қауым өкілдері, фракция мүшелері мен оқырмандардың қатысуымен «Кітап-AMANAT» орталығының ашылуы өтті.

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Адал азамат» тұжырымдамасының мән-мағынасына терең тоқталды. Осыған орай, «AMANAT» партиясы Президенттің бастамаларына демеу болып, өз деңгейінде ұлттың зияткерлік дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді бастап кетті.

Партия мен «Қазақстан Республикасы баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, нақты жоспарлар бекітілді. Міне, енді барлық облыс пен қалалардағы, тіпті аудан орталықтарындағы «AMANAT» партиясы филиалының жанынан жыл соңына дейін қол жетімді бағада түрлі бағыттағы кітаптар сату ісі жолға қойылады.

Шымкентте өткен іс-шарада қоғам қайраткері, қаланың Құрметті азаматы Еркін Сатқанбаев партиялық жобаға қолдау білдіріп, өскелең ұрпақты кітап оқуға шақырады.

«Кітап – рухани азық. Рухы мықты адам, рухани көкжиегі кең ұлт қана ұлы мақсаттар жолында ешкімге есесін жібермейді. Біз осы тұрғыда кітап шығару ісін, оны тарату жолдарын, халық арасында кітап оқу мәдениетін арттыру үшін тынбай жұмыс істеуіміз қажет. Халқымызда «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз бар. Сондықтан кітапты қалқан, қару еткендер ғана рухани азат бола алады»,- деді Е.Сатқанбаев.

Жиналған зиялым қауым өкілдері «Кітап-AMANAT» жобасының мән-маңызына тоқталып, ризашылығын жеткізді.

«Қазіргі таңда еліміздің аудан орталықтарының бірде-бірінде кітап дүкендері жоқ деген сорақы мәлімет, тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл ішінде әбден күйреуге түскен кітап оқу мен кітап тарату ісінің деңгейінің нақты көрсеткіші болса керек. Осы келеңсіздіктен арылу жолында қайта қолға алынып отырған мұндай ауқымды да, игілікті іс-шараға өте қуанып отырмын. Бұл дегеніміз бір реттік қана өткізіліп қоятын науқандық іс-шара емес, халыққа, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей қызмет етеді деп сенемін», – деді Момбек Әбдіәкім.

Белгілі журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері де бұл бастамаға қолдау білдіріп, өз ұсынысын ортаға салды.

«Газет сататын дүңгіршектердің тұрақты жұмыс істемеуі немесе жабылып қалуы салдарынан орын алып отырған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында болашақта қазақ тіліндегі газет-журналдарды да осы дүкендер желісі арқылы сатылымға шығарса деймін», – деді «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова.

Іс-шара барысында партия Хатшысы Шолпан Каринова жас оқырмандармен әңгімелесіп, өз ойымен бөлісті.

«Бүгін «Кітап-AMANAT» жобасы аясында алтыншы кітап дүкені ашылып отыр. Жобаның болашағы зор, өміршең болады деген сенімдемін. Кітап оқуды әдетке айналдыру үшін біздер осылайша жастарға бағыт-бағдар көрсетіп отыруымыз керек. «Кітап-AMANAT» орталығында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналады деп ойлаймын», – деді партия Хатшысы.

Қалалық филиал төрағасы Бахадыр Нарымбетов «Кітап-AMANAT» жобасы отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, адамдарды кітап оқуға ынталандыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға негізделгенін айтып, барша кітапсүйер қауымды орталықтың ашылуымен құттықтады.

Айта кетейік, партия бастамасымен ашылған кітап орталықтарында тек кітаптар сатылып қана қоймай, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа басылымдардың тұсаукесерлері мен талқылаулары ұйымдастырылады. Мұндағы кітап сөрелерінен оқырмандардың талғамына қарай мыңнан астам түрлі жанрдағы еңбектерді табуға болады. Осыған дейін Алматы, Астана қалалары мен Жамбыл, Павлодар, Жетісу облыстарында ашылған кітап дүкендері қазіргі таңда тұрғындарға қызмет көрсетуде.

KazPikiR тілшісі

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР