Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша 2022 жылы 5-ші маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара болып табылады.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшуде Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді.
Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тармақ қосылатын болды. Онда Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деп көрсетіледі. Осы логикаға сәйкес Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне де осындай тыйым салынады. Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады.
Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі.
Конституциялық реформаның нәтижесінде тиісті аумақтағы ахуалға жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдардың жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару өкілеттіктері кеңейеді.
Жобада Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұратыны туралы құзыретін жойып, Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделген.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді.
Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясына сәйкес енді оларды Президент облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салады. Дауыс беруге қатысқан депутаттардың көпшілігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.
Осылайша, жергілікті билікке қатысты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдердің қолына жинақталады.
Бұл өзгерістер саяси жүйенің трансформациясына алып келетіні сөзсіз. Сондықтан конституциялық реформалар еліміздің демократиялық дамуына негізгі бағдар болады деп есептеймін!
Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Имашев Қайрат Есенбекұлы