Қазіргі таңда Шымкент қаласында инфрақұрылым мәселесі өзекті болып табылады. Халықтың көп шоғырлануы, көп қабатты үйлердің салынып, жаңа шағын аудандардың бой көтеруі, 2018 жылы 40-тан астам елді мекендердің қалаға қосылуы инфрақұрылым мәселесінің өзектілігіне әкелді.
Соның бірін айтып өтетін болсам, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Асар-2 елді мекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700- ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты.
Алайда, шағынауданда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталады.
Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тарту жұмысы атқарылып жатыр. Шағынауданның қалған бөлігін мемлекеттік жүйедегі электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл атқарылады.
Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Асар-2 ықшам ауданында кәріз құрылысы да қарқын алған. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылды. Нысан келер жылы қолданысқа беріледі.
Имашев Қайрат Есенбекұлы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.