ҚР Үкіметінің бағдарламасына сәйкес үш ауысымды және апатты мектептер санын азайту мақсатында мектеп салуға жеке инвесторлар тартыла бастады.
Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп салыну жоспарланса, оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтеретін болады. Биылғы жылы 11 жекеменшік мектеп пайдалануға тапсырылады. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады.
Солардың бірі – Ақжайық мөлтек ауданында орналасқан «PARASAT AJ» жекеменшік мектебі. 1500 оқушыға арналған мектептің құырылыс барысымен бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып танысты.
Материалдық-техникалық базасы мықты мектепте оқу баланың ынтасын арттырып, зейінін ашатынын айтқан қала басшысы оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалу керектігін және материалдық базалардың талаптарға сәйкес болуын қадағалауды тапсырды.
«PARASAT AJ» – бұл 5 негізгі бағыт бойынша оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған жекеменшік мектеп. Мұнда тегін, сапалы білім және art & sport дағдыларын дамытуға мүмкіндік бар.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі