Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетСаясатРЕФОРМА - БОЛАШАҚТЫҢ НЕГІЗІ.

РЕФОРМА – БОЛАШАҚТЫҢ НЕГІЗІ.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша 2022 жылы 5-ші маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Конституциялық реформа – Прези­дент­тің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдар­ламасын жүзеге асыру үшін қол­ға алынған маңызды іс-шара болып табылады.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқару үл­гісінен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшуде Конституциялық реформа билік тармақ­тары арасындағы қарым-қатынас­тың тепе-теңді­гін және оңтайлы болуын қалыптас­тырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді.

Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тар­мақ қосылатын болды. Онда Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касының Прези­денті өз өкілеттік­терін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия­да бол­мауға тиіс деп көрсетіледі. Осы логикаға сәйкес Конституция­лық Сот­тың, Жоғар­­ғы Соттың және өзге де сот­тар­дың төр­аға­лары мен судья­ларына, Орта­лық сайлау ко­­мис­­­сиясының, Жоғары ауди­тор­лық па­ла­тасының төрағалары мен мүшелері­не де осындай тыйым салынады. Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады.

Мемлекет басшысы барлық азамат­қа тең мүмкіндік берілуі­нің мызғы­мас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Консти­туцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыс­тары мемлекеттік саяси қыз­метші­лердің, квази­мемлекеттік сектор субъектілері басшы­ларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі.

Конституциялық реформаның нәти­жесінде тиісті аумақтағы ахуал­ға жауапты жер­гілікті өкілді және атқарушы орган­дардың жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару өкілеттіктері кеңейеді.

Жобада Президенттің облыстар, рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қол­данылуын толық немесе ішін­ара тоқтата тұратыны тура­лы құзыретін жойып, Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкім­дерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделген.

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді.

Конституцияның 87-бабы 4-тармағы­ның жаңа редакциясына сәйкес енді олар­ды Президент облыс аумағында орналас­қан мәслихат депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қа­лалардың және астананың мәс­лихат депутаттарының келісі­мімен тағайындайды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсы­нып, дауысқа салады. Дауыс беру­ге қатысқан депутаттардың көпші­лігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.

Осылайша, жергілікті билікке қатыс­ты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдер­дің қолына жинақталады.

Бұл өзгерістер саяси жүйенің трансформациясына алып келетіні сөзсіз. Сондықтан конституциялық реформалар еліміздің демократиялық дамуына негізгі бағдар болады деп есептеймін!

Шымкент қаласының мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Имашев Қайрат Есенбекұлы

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР