Құнды пікірлер - ұлы идеялардың бастауы!

Басты бетСаясатҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫН АЗАМАТТАРДЫҢ ӨЗІ ТАҢДАЙДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫН АЗАМАТТАРДЫҢ ӨЗІ ТАҢДАЙДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізу бойынша ұсынысын толық қолдаймын және Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі деп санаймын! Себебі ел тағдырын анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысу қажет.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар  еліміздің қазіргі кездегі саяси жүйесін өзгертуді көздейді. Қоғамдық-саяси саладағы өзгерістер экономиканың дамуына, халықтың тұрмысының жақсаруына да әсер етеді. Бұл өзгерістер мемлекеттің жан-жақты дамуы үшін қажет. Конституцияға түзету суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар республикаға көшуді бекітуге арналған.

Оған қоса, Жолдауды жүзеге асыру аясында Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау қажет. Өзгерістер биліктің барлық тармақтарына әсер ететін болады. Әсіресе, Парламент пен өңірлік мәслихаттардың рөлі артып келеді. Нақтылап айтса, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді. Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады.

Сондай-ақ, құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі».

Яғни, барлық конституциялық өзгерістер халықтың тілегі мен уақыт талабына сәйкес келеді. Бұл азаматтардың иглігі үшін жасалып жатқандықтан, қоғам белсенділік танытуы тиіс.

Мен Қазақстанның болашағын азаматтардың өзі таңдайтын бүкілхалықтық референдумға халықтың жоғары деңгейде қатысатындығына кәміл сенемін.

Шымкент қалалық мәслихат депутаты, «АMANAT»  партиясы фракциясы мүшесі Сулайманов Лазиз Низамханұлы

Ұқсас мақалалар

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР